06
ноябрь
2021
ӘдістемелікОрталығы
#ШымкентҚаласының ӘдістемелікОрталығы
Озық тәжірибе мектебі аясында «Озат тәжірибе – ортақ іс» атты семинар жоспарға сай өз жалғасын тапты. Іс-шараның екінші және үшінші күндері мектебіміздің үздік, тәжірибелі ұстаздары өздерінің озық тәжірибелерін ортаға салып, шебер сыныптар ұйымдастырып, шығармашылық есептерімен бөлісті.
Семинар барысында өзінің озық тәжірибесімен бөліскен білімді де білікті ұстаз, математика пәнінің мұғалімі Л.Қ.Сүлеймен «Математиканы оқытуда практикалық мазмұнды есептерді шығару әдістемесі» тақырыбында дайындаған әдістемелік нұсқаулықтың таныстырылымын жасады.
Нұсқаулық мәтін есептер, сонымен қатар қазақтың қара есептері, ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрлеріміз, сондай-ақ ертегі есептер талданып, мәтін есептерді тура талқылауды керек ететін арифметикалық тәсілдерді қолдана отырып шығарудың логикалық ойлауды дамыту, арифметикалық тәсілді жақсы меңгерту арқылы мәтін есептерге жылдам, әрі дұрыс теңдеу құру, есептің мағынасын, есепте берілген іс-әрекеттерді толығымен түсінуге, есептің шартын жазуға қалыптастыруға негізделген.
Сондай-ақ, тәжірибелі, шебер ұстаз, химия пәнінің мұғалімі А.Бекманова шығармашылық есебін жасап, өзінің үздік тәжірибесін ұсынды.
Бастауыш сынып мұғалімдері Ш.Байменова, З.Ташманбетова, О.Жиренбаева және К.Құттыбековалар өз ашық сабақтарында бастауыш сыныптарда белсенді оқытудың, жаңа технологияларды және әдіс-тәсілдерді сабақ барысында тиімді қолданудың қыр-сырымен бөлісті.
Тарих пәні мұғалімі Е.Бейсебай «Оқыту мен оқудағы жаңа әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы ашық сабағында оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдердің озық үлгілерін пайдалана отырып, оқушыларды тарих пәніне қызықтырудың тиімді жолдарын ұсынды.
География пәні мұғалімдері Ф.Нурмаханбетова мен Г. Утельбаевалар өз сабақтарында жаңа технологияларды тиімді қолдана отырып, жеке, жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыру кезіндегі ұтымды әдіс-тәсілдермен бөлісті.
Информатика пәні мұғалімі Ж.Мусаева «Оқыту процесінде цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану» тақырыбында шебер сынып ұйымдастырып, оқу жұмысын ұйымдастыру үшін цифрлық білім беру ресурстарының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы оқушыларға пәнді толыққанды меңгертудің жолдарын көрсетті.
Ағылшын тілі пәні мұғалімі Г.Куттибаева «Off we go» тақырыбындағы ашық сабағында оқушының танымдық белсенділігін арттыратын әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдану арқылы сабақты тиімді ұйымдастырудың озық үлгісін көрсете білді.
Сонымен бірге биология пәні мұғалімі Н.Конысова «Тірек –қимыл жүйесінің қызметі мен маңызы» тақырыбындағы ашық сабақ барысында биология пәнін оқыту үдерісінің ерекшеліктерін негізге ала отырып, заманауи әдістердің көмегімен оқушыларға тақырыпты меңгертудің жеңіл әрі маңызды тұстарына тоқталды.
Сондай-ақ, жоспардан тыс орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М.Бейсеева " Перевёрнутый урок" (төңкерілген сабақ) әдісі бойынша оқушыларға дайындаған бейнесабағын көрсетіп, оны Online.mektep-ке интерактивті сабақ құрастырып салатындығымен бөлісті. Сонымен қатар, үлгермеуші оқушылармен жұмыс жасау және олқылықтарды жою мақсатында "Рабочая тетрадь" (жұмыс дәптері) әзірлеп, презентациялады.
Іс-шара соңында директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары А.Болганова сабақтарға талдау жасап, өздерінің озық іс-тәжірибелерімен бөліскен мұғалімдерге алғысын білдіріп, ұсынылған үздік тәжірибелер білім беру процесінің сапасын арттыру кезінде өзіндік үлесін қосатынына сенім білдірді.